Шымкенттегі Әл Фрабаи ауданына қарасты «Сәуле» шағынауданындағы өркениеттен кенже қалған 195-шы орам тұрғындары биыл жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтылып, табиғи газға қол жеткізеді.
Ал «Бадам» шағынауданындағы 276-шы орамға электр жарығы тартылып, тұрғындар ауыз сумен қамтылды.
Сапалы ауыз суға жарымаған Шымкенттегі «Сәуле» шағынауданында орналасқан 195 орамдағы жұртшылыққа биыл орталықтандырылған жүйеден тіршілік нәрі келетін болды. Әзірге оларға су көлікпен тасымалданады, деп хабарлайды «Отырар.кз».
Қала әкімінің тікелей тапсырмасымен «Шалғайдағы елдімекендерді дамыту» арнайы бағдарламасы қабылданып, электр жарығы, су, табиғи газ жүргізу мақсатында жұмыстар қолға алынды. Бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік конкурс өткізілді. Қазіргі таңда қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан құрылыс жүргізілуде.
Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі: «300 млн. теңге бөлінді ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізуге. Газды тартуға 50 млн. әзірге бөлінді, жалпы 246 млн. теңге қаралған. Қарашада барлық жұмыстар бітіп, 195 орамға ауыз су беріледі, жылдың соңына дейін табиғи газ да тартылады».