Жарияланды: 15.07.2018

Өнім таза табиғи қоспалармен өңделеді

Түркістан облысындағы сиыр мен жылқы етін бұқтырып, консервілейтін цех Тұрлан экспедициясы маңында орналасқан. Бүгінде бұл өнім Өзбекстанға экспортқа шығарылады, деп хабарлайды ernur.kz. Ресейге экспорттау жағы да қарастырылып жатыр. Ашылғанына екі жылдан асқан кәсіпорында консервіленген сиыр, жылқы еті, сондай-ақ күріш пен арпа ботқасы да шығып жатыр. Бұқтырылған еттің 8 атауы тіркелген. Бағасы өзге бәсекелестерден 15 пайызға арзан. Халықтың үлкен сұранысына ие болған табиғи өнімді өндірісін Монғолиядан қоныс аударған қандасымыз Жәнібек Қанатхан ашқан. Бүкіл технология Ресейден әкелінген. «Өнімнің түрі көбейіп жатыр. Қазіргі таңда бұқтырылған еттен бөлек сиыр етімен бұқтырылған күріш, арпа ботқасын дайындап шығарамыз. Балық етін бұқтыру технологиясын да игердік. Экологиялық таза өнім шығару үшін барлық талап толық орындалуы тиіс. Тамақ өнеркәсібі болғандықтан біз малды бордақылаудан бастап оны консервілеуге дейінгі процессті мұқият қадағалаймыз. Сондықтан өз өнімімізге кепілдік береміз» дейді Жәнібек. Өз кәсібін дөңгеленткен кәсіпкер бүгінде 100-ге жуық жерлесімізді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы — 70 мыңнан 150 мың теңгеге дейін. Бір ауысымда 28 адам еңбек етеді. Өндіріс ошағы үздіксіз жұмыс істейді. Бүгінде серіктестік жылқы етін де бұқтырып, консервілеуде. Бір ауысымда 1,5 тонна ет өңделеді. Толық қуатына көшсе, 3 тоннаға дейін ет консервісін дайындай алады. Ең бастысы, кәсіпорын қалдықтарды да кәдеге жаратуды қолға алған. Тағам қалдығынан ит пен мысықтарға арналған консервіленген өнім шығарылады. Өнім таза табиғи қоспалармен өңделеді. Қазір ет Төлеби ауданындағы шаруа қожалығынан жеткізіледі. Өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін кәсіпорын өз бордақылау алаңын ашпақ.

974 қаралым