Шымкент қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сай «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының» ғимаратында карантин жарияланды. Осыған байланысты бүгінде мекеме тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер онлайн түрде атқарылады. Азаматтар http://egov.kz/cms/ru порталы арқылы басқарма тарапынан көрсетілетін барлық қызметтерге қол жеткізе алады. Қызметтердің қолжетімділігі бойынша басқарма қызметкерлері азаматтарға ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Соған қарамастан азаматтар карантин шектеулері мен санитарлық ережелерді ескермей ғимаратқа келіп жатыр. Қазір халықтың басым көпшілігі басқарманың АХАТ тіркеу қызметтеріне және жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек (42500 теңге) алу бойынша келуде.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 21 шілде күні 117 туу куәлігі, 100 неке тіркеу куәлігі, 1 неке бұзу куәлігі тіркеліп берілді. Аталған қызметтердің барлығын онлайн түрде рәсімдеуге болады. Азаматтар белгіленген үлгідегі дайын куәліктерін алу үшін басқармаға келуде. Ал жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті тұрғындар үйде отырып-ақ онлайн түрде сұраныс беру арқылы алуға болатыны түсіндіріліп жатыр. Карантин шектеулері инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынып отырғанын ескертеміз. Сондықтан да тұрғындарға карантин шектеулері мен санитарлық талаптарды қатаң сақтауды сұрана отырып, қызметтердің онлайн түрде қолжетімді екенін тағы да еске саламыз.