Жарияланды: 01.10.2020

Түлектер биыл 100 пайыз жұмыспен қамтылды

Елбасының жұмысшы мамандықтарына ден қою жөніндегі тапсырмасы миллионды шаһарда тиімді жүзеге асып келеді. Бір ғана мысал. Шымкенттегі «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» түлектері биыл 100 пайыз жұмыспен қамтылды. Елдегі жеңіл өнеркәсіптің желкенін керуге үлес қосып отырған білім ордасына биыл 80 жыл толып отыр. Мерейлі мерекені бұл ұжым толайым табыстармен қарсы алмақ.

Тарихы терең колледждің іргетасы сонау 1920 жылы қаланды. Кеңес үкіметінің тұсында білім ордасының тігін цехтары фабрика зауыттарда оқыту бағыты бойынша жұмыс істей бастады. Ол кездегі оқыту жүйесі тым бөлек-тін. Тарих беттерін мақтанышпен парақтап, сыр ақтарған Ирина Викторқызы осы колледждің түлегі. Тап осы білім ұясында табаны күректей 45 жылдан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.

Ирина Абашова – өндірістік оқыту шебері

1975 жылы осы колледжге оқуға түстім. Ол кезде №26 техникалық училище деп аталатын. Сосын білімімді жетілдіру үшін Ресейдегі Новокуйбышевск техникалық училищесіне жолдама алып, онда 4 жыл оқып келдім. Елге оралысымен білікті маман даярлау ісіне кірісіп кеттік. Осы жылдар ішінде талай талантты мамандарға жол аштық. Олар бүгінде бір-бір кәсіптің иесі. Жеке дизайнерлік сән орталықтарын ашқандары қаншама. Мен осы жылдардағы жемісті жұмысыма дән разымын. Барлық әріптестерімді 80 жылдық мерейтоймен құттықтаймын…

Білім ордасының бағындарған белесі биік. Шыққан шыңы жоғары. Колледж студенттері халықаралық талай додада қара үзіп, дара шыққан. Сондай шәкірттердің бірі Жұлдыз Мырзахметованың өзі қазір ұстаз. Білгенін, ойға түйгенін студенттерге үйретіп жүр.

Жұлдыз Мырзахметова – колледж түлегі

2018 жылы студент едім. 1200 оқушы қатысқан халықаралы додада 3-орынды иелендім. Жаңбырға киетін киім тігіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болдым. Қазір өзім де ұстазбын…

Тәлімгерлік дәстүрді ұстанып, қазыналы тарихын сақтап келе жатқан ұжым мерейлі датаны толайым табыстармен қарсы алғалы отыр. Биыл республикалық бюджеттен 371 миллион теңге бөлініп, оған Жапониядан заманауи құрал-жабдықтар жеткізілді. Бұл — мемлекет басшыларының жұмысшы мамандарына білдірген ең үлкен қолдауы.

Гүлмира Тағаева – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры

Бұл 80 жылдық еңбектің нәтижесі. «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар қаржы ұтып алдық. Бұл үлкен жауапкершілік. Енді осы құрал-саймандарды игеру үшін мамандардың біліктілігін шыңдауға мүмкіндік туып отыр. Біз халықаралық дәрежедегі маман даярлауға бар күш-жігерімізді саламыз..  

Оқу дуалды жүйе бойынша жүргізіледі. Пандемияға байланысты шәкірттер қазір онлайн оқып жатыр. Білім ордасына тек бітіруші топтар ғана келіп, өндірістік тәжірибеден өтуде. Қаладағы 24 әлеуметтік серіктестікпен келісім шарт бар. Студенттер соларда тәжірибеден өтеді. 2 жыл он айдан соң білікті маман дайын. Осының арқасында колледжді бітірген мамандарға сұраныс жоғары. Білім беру сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс та нәтижелі. 

686 қаралым