Жарияланды: 02.10.2020

Жәдігерді музейге табыстады

Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі бағытында мәдениет қызметкерлерін қолдау бағытын басты ұстын еткен шымкенттік мәдениет майталмандары үздіксіз еңбек етіп келеді. Шымкент қаласындағы «Ерлік» музейінің қызметкерлері осы қолдаудың арқасында көптеген шаралар өткізуде. 
 
Жуырда музейдің жаңадан жоспарланған «Ерлік пен батырлық — киелі өлке өнегесі» тақырыбындағы жоба аясында Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай «Асыл адам айнымас» тақырыбында облысымызға, қаламызға ерен еңбегі сіңген ел ағаларымен кездесу өткізіліп, Ұлы Абай атамыздың шығармашылығы хақында ой өрбітті. Сондай-ақ, заңғар жазушы Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі — Түркістан» кітабының да тұсаукесері өткізілді. Кездесудің Құрметті қонақтарына Мархабат Байғұт  өзінің су жаңа кітабын тапсырды.
 
«Серпіліс» қоғамдық қоры ұйыдастырған Семей қаласындағы Абайды еске алу сапарына «Ерлік» музейінің қызметкері Балзия Тәжібаева да барған болатын. Арнайы зерттеу жұмыстарын жасап келген музей қызметкері Семейлік сәлемдемесін (жәдігерін) осы шара барысында музей меңгерушісі Құдайбергенова Ақмарал Асанқызына табыстап, музей қорының көбеюіне өз ықпалын жасады.
 
704 қаралым