Жарияланды: 02.10.2020

Ұстаздар ақпараттық-технологиялық құзыреттіліктерін шыңдады

 
Қашықтан оқыту үдерісіне Шымкент қаласындағы “Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №90 мектеп-гимназиясы” жүйелі дайындық жүргізді. Ең алдымен, мұғалімдер цифрлық сауаттылық талабына сай онлайн курстарға қатысып, ақпараттық-технологиялық құзыреттіліктерін шыңдады. Оқу жүктемесіне сай әрбір мұғалім видеосабақ түсіріп, видеокөрнекіліктер дайындап, оқушылар мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, цифрлық құрылғылармен қамтамасыз етуге аса үлкен назар аударып, осы бағытта жан-жақты жұмыстар атқаруда. Білім беру сапасын арттыру бағытында тер төгіп жүрген ұстаздар қауымының еңбегі мақтауға тұрарлық. Ұстаздардың біліктілігінің арқасында мектеп оқушылары сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырып жүр. 
 
“Ешбiр iсте табыс «қателiк iстеу құқығынсыз» мүмкiн емес. Жалған нотадан қорқатын скрипкашы тыңдаушыларын баурап алмайтыны сияқты, айтылмайтынды айтып қоюдан сақтанатын жазушы да жаңа ой мен сезiмдi бере алмайды” деген орыс жазушысы Лев Толстойдың нақылында терең ой жатыр. Қателіктен қорықпайтын, жасайтын жұмысының нәтижесінен үлкен үміт күтіп, соған жетуге ұмтылатын ұжымның қол жеткізер жетістіктері де ерен болмақ.
 
Тәуелсіз ел болашағының тізгінін ұстайтын рухы мықты, қайсар да талапты, білімді, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау жолында төзімділік танытып, сабыр сақтап, балаларды қазіргі қиын кезеңде айрықша мейірім мен сүйіспеншілікке бөлеп, тәрбие мен білім нәрін қашықтан болса да, жасөспірім бойына сыналай сіңіретін жасампаз күш иесі екендіктеріңізді есте ұстап, қашықтан оқыту үдерісінде талмай еңбек етуге шақырамын. 
 
Арман Орынбеков, мектеп директоры
918 қаралым