Жарияланды: 04.04.2021

Стамбул сапарынан бір үзік сыр…

Сырлы да сұлу Стамбул…  Арман қала… Ертегі әлем… Сұлулығымен ерекше еліктіретін ғажайып қала туралы таңнан таңға ұрып таусылмайтын дастан айтуға болар. Ақынның жырында, суретшінің қылқамында өрілген керемет өлкені көзбен көру де бір бақыт…

Ғажап қалаға ойда-жоқта табан тіредік. Түркітілдес журналистер қорының төрайымы Нәзия Жоямергенқызының ұйытқы болуымен Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан және Қырғызстан елдерінің тілшілеріне арнайы тур ұйымдастырылды. Ұшақ, қонақ үй, тасымал барлық шығынды министрлік мойнына алды. Бес күнге созылған қызықты сапарда Стамбул, Бұрса, Изник, Джумалыкызык, Улудағ, Гөлйазы қалаларының көрікті жерлерін тамашаладық.

Стамбулға табанымыз тигеннен атақты Истикляль даңғылына бағыт алдық. Ұзындығы 1400 метрді құрайтын даңғылда адам қарасы қалың. Мұнда күніне шамамен 3 миллион адам жүріп өтеді деген дерек бар. Екі шеті сауда қатарларына толы. Түріктің тәттілерінен бастап, киім-кешек, майда шүйдеге дейін табуға болады. Бастысы Түркияның басты нышаны саналатын қолөнер бұйымдарына толып тұр. Түркияның ежелгі Бейоғлы ауданына жататын аумақ Таксим алаңымен түйіседі.

Жолбастаушымыз Беркан Тасан Түркияның бай тарихымен таныстыра отырып, атақты Галатасарайға келіп жеттік. XIV ғасырда салынған ғажайып ғимараттың биіктігі 66 метр, диаметрі 9 метрді құрайды. Әу баста ғимараттың басында күмбез де, крест те болған екен. Сұлтан Фатих Мехмет Константинопольді жаулап алғанда үлкен кресті жеті метрге кішірейткен деген аңыз бар. Нысанның ең басына шыққанда бүткіл Стамбул алақандағыдай көрінеді. Ғаламат көрініске тап боласыз. Көгілдір түсті тулаған теңіз. Шаңқылдаған шағалалардың дауысы… Теңіз жағалай орналасқан үйлер, аспалы көпір…

Сапалы жібек өндіретін орталық

Стамбулдағы бір түнемелден соң Бурса қаласына жолға шықтық. Бурса Түркияның төртінші үлкен қаласы. Елдегі өндірістік орталықтарының бірі. Бурсада мақта да, жібек те өндіріледі. Мұнда машинақұрастыру, текстиль өндірісі қатты дамыған.

Жол бойы Беркан бей Түркияның бай тарихынан сыр тарқатты. Кезінде ағылшындар мен француздар Стамбулды жаулап алған. Чанаккаледе 6 ай бойы соғыс болған деседі. Теңіз арқылы жаулап алмақ болыпты. Австралиядан жауынгерлер алып келген. 200 мың жауынгер қаза тапқан. Чанаккеледе қырғыздар, қазақтар, өзбектер, әзірбайжандар бірге соғысқан деген қызықты дерек айтты жолбастаушымыз.

Бурсаға барар жолда атақты Осман Гази көпірінің үстімен өттік. Ұзындығы 2700 метрді құрайтын көпір 1974 жылы салыныпты. Жалпы Бурсада Орхан Газиға қатысты атаулар көп. Тарихының басым бөлігі Орхан Газиға қатысты. Орхан Гази византиялықтармен ұзақ мерзімді соғыс жүргізген. Оның заманында Бурса Түркияның астанасы болған. Орхан Гази мен оның әкесі Осман Газидің мазары үлкен бақта орналасқан.  Екеуінің де мазарында 24 сағат бойы құран оқылып тұрады. Әрі тәулік бойы күзетіледі.

Мұнда ХІХ ғасырдаңы соңында Абдул хамит сұлтанның құрметіне сағат мұнарасы тұрғызылыпты. Аумалы төкпелі заманда қару-жарақтың орны ерек болары сөзсіз ғой. Сондықтан мұнда зеңбірек өндіретін өндіріс орны болған.  

Аталған бақтан шыққан соң әйгілі Сұлтандар қақпасына бет бұрдық. Тек сұлтандар ғана кіріп шығатын атақты қақпа ХІІІ ғасырда салыныпты. Салтанат қақпасы деп аталады. Тағы да осындай 5 қақпа бар екен. Бұл аудан мраморлы аумақ болып саналады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жуырда ғана жүргізіліпті. Сәулетшілер негізгі тінді сақтай отырып, жұмыстарын керемет орындап шыққан.  

Бурсадағы Ұлы жами мешітіне де бас сұқтық. Бұл Бурсадағы ең үлкен мешіт саналады. Мұнда келген әрбір адам алдымен Керуен сарайға кіріп, сосын осы мешітке кіріп, шығуды парыз санайды. Болгариямен болған соғыста Баязит сұлтан жеңіске жетеді. Соның бұйрығы бойынша 1399 жылы салынған екен. Іші өте әдемі. Мұндағы көп дүние қолмен жасалынған.

Панорама Музейі

Дөңгелек шар пішіндес Панорама музейі әлемдегі таңғажайыптардың басқы орындарынан көш бастайды десек артық айтқандық емес. Екінші қабатқа көтерілгенде тірі суретті көз алдыңызға тосады. Тап бір сол заманға топ ете қалғандай әсерге бөленесіз. Киіз үй тігіп жатқан, қойын қомдап, қазанын асып жатқан адамдар. Шықылықтаған құстың үні ұлттық музыкамен әсем астасып тұр. Осман Газидің қамалы алыстан мұнартады. Одан беріде алып арканың қалдығы, кәдімгі қара топыраққа өсіп шыққан көкпеңбек шөп те қолдан өсірілген. Ал ары қарай қаламға қасиет бітірген суретшілердің шеберлігіне тәнті боласың. Тірі тарих дерсің…

Орхан Газидің Бурсаны қалай жаулап алғаны бейнеленген. 8 суретші картинаны 4 жыл бойы салған. Оған 7 миллион доллар  жұмсалыпты. Бірі әзірбайжан, бірі украин, қалғаны түрік суретшілері. Ресми дерек бойынша музейде 10 мың кескін бейнеленіпті…

Тарихына ерекше құрметпен қарайтын түрік ағайындардан үйренеріміз көп. Туризмінен де, тарихынан да теңге тауып отырған Осман империясының ұрпақтары қай істе болса да үлгі бола алады…

 Гүлжан Көшерова

 

 

4 954 қаралым