Жарияланды: 02.01.2022

9 жыл бұрын жоғалып кеткен жігіт қайдан табылды?

Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстарды ашып, күдіктілерді анықтаудан бөлек жоғалған адамдарды да табу үшін жедел іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бұған дәлел мына оқиға. 2012 жылы Түлкібас АПБ-ға Арыс қаласындағы балалар үйінің басшылығы арызданып, Түлкібас ауданында лагерьде жүрген 15 жасар тәрбиеленушісінің із-түссіз жоғалып кеткенін жеткізеді.

 
Жасөспірім жоғалған соң аудан сақшылары болған жайтты бірден тіркеп, жедел іздестіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Лагерьдің аумағы мен баруы мүмкін жерлердің барлығын шолып шығады. Алайда іздестіру жұмыстары нәтижесіз болады.
 
Осылайша 9 жыл өткенде, яғни ағымдағы жылда жедел уәкілдер жоғалған ер баланы тапты. Криминалдық полиция басқармасының полицейлері сол кездегі жасөспірімнің бүгінгі таңда Келес ауданында мал бағып, күнелтіп жүргенін анықтады. Жоғалған бала қазіргі уақытта 24 жаста. Оны полиция бөліміне жеткізген тәртіп сақшылары арнайы психолог мамандарымен сөйлестірді. Белгілі болғандай жас жігіт өз еркімен шығып кетіп, ересек адамдар секілді өмір сүргісі келген. Содан соң жалдамалы қойшы болып жұмыс істеп, күнелткен.
 
Тәртіп сақшылары жігіттің туыстарын тауып қауыштырды. Сонымен қатар жоғалу жайты бойынша арызданған балалар үйінің тәрбиеленушісін де шақырып, байланыстырды. Жігіттің ағасы мен балалар үйіндегі ұстазы тәртіп сақшыларына нәтижелі жұмыс пен іздеген жандарын дін аман тауып, отбасымен қауыштырғаны үшін алғыстарын айтты.
680 қаралым