Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығы бойынша, Мәсімов Нұрлан Мырзаханұлы баянатқа сәйкес Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Департамент бастығының міндетін полковник Жасқайрат Қайыров атқарады.
Нұрлан Мәсімов 1973 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет еткен. Ал соңғы қызметіне 2019 жылы қараша айында тағайындалған.
Генерал-майор Нұрлан Мәсімов ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің туысы екені белгілі.
Кәрім Мәсімов қазір мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасады деген күдікпен қамауда отыр.
Бұған дейін «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев қызметінен кеткен болатын.