Жарияланды: 28.01.2022

Өзін өзі жарып жіберді, өлтірді…

Қазақстанда террорлық шабуылдар 2011 жылдан қатты белең ала бастады. Жат ағым өкілдері қару-жарақ дүкендерін тонап, қарапайым тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіріп жатты.

Соңғы он жылда болған ірі террорлық шабуылдар туралы Экспресс К шолу дайындады.

ҰҚК ғимаратының алдында өзін-өзі жарып жіберді

2011 жыл. 17 мамырда Ақтөбеде Рахимжан Махатов Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының алдында өзін-өзі жарып жіберді. Ол жат ағымды ұстанған. Террорлық шабуыл салдарынан үш адам жараланып, Махатов қаза тапты.

Ақтөбедегі антитеррорлық операция

 
 

2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде екі полиция қызметкері қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Кейін тоғыз содырдың көзі жойылды.

Атыраудағы екі жарылыс

 

2011 жылы 31 қазанда Атырауда бірден екі жарылыс болды. Біріншісі облыстық соттың ғимаратына жақын маңда тұрған қоқыс жәшігіндегі жарылғыш зат іске қосылып, бірнеше минуттардан кейін облыстық прокуратура маңында ер адам өзін-өзі жарып жіберді. «Терроризм» бабымен қылмыстық іс қозғалып, бірнеше күдікті ұсталып, сотталды. Атыраудағы террорлық шабуылдарды «Халифат сарбаздары» (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымы мойнына алды.

ҰҚК ғимаратын гранатамен атқан

12 қарашада Тараз қаласындағы жат ағымның өкілі бірнеше сағаттың ішінде қаланың астан-көктенін шығарды. Қалада емін-еркін жүріп, полиция қызметкерлерін атты. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратыны гранатометтан оқ атып, ғимараттың күлін көкке ұшырмақ болды. Ол шабуыл жасамас бұрын, қару-жарақ дүкенін тонаған. Мұздай қаруланған аса қауіпті қылмыскермен осыған дейін ешқандай қазақстандық полиция бетпе-бет келмеп еді. Ол полиция қызметкерлерімен атысып, ең соңында оғы біткен кезде, граната лақтырмақ болған кезде, полиция қызметкері Ғазиз Байтасов денесімен жауып, құтқарып қалды. Өзі де қандықол қылмыскер де қаза тапты. Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Боралдайда бес содырдың көзі жойылды

3 желтоқсанда антитеррорлық операция жүргізіліп, Алматы облысы Боралдай кентінде бес содырдың көзі жойылды.

Содырлар 12 адамды өлтірді

 
 

2012 жылы Іле Алатауы ұлттық паркінде 12 адамның денесі табылды. Кейбір денелерді өртеп жіберген. ІІМ бұл қылмысқа экстремистік ұйымдардың қатысы бар екенін айтты. Өйткені кейін осы қылмысқа қатысы бар тоғыз адам арнайы операция кезінде мерт болды. ІІМ бұл содырлардың ұлттық парктегі қылмысқа қатысы бар десе, Бас прокуратура жоққа шығарды. Кейін іздеуде жүрген екі содырдың бірі Қырғызстанда ұсталды. Содырлар 12 адамды өлтіріп, үйлерін паналаған. Олар өздерінің тұратын жерлерін жиі ауыстырып жүрген.

Көлік жөндеу орталығындағы жарылыс

5 қыркүйекте Атырауда көлік жөндеу орталығында жарылыс болды. 21 жастағы жат ағымның өкілі қолдан жасалған жарылғыш затты ұстап отырған кезде, жарылып кеткен. Кейін оның төрт серіктесі ұсталды. Олар теракт жасауға дайындалған. Кейін олар сотталды.

Құлсарыдағы операциядағы

 
 

12 қыркүйекте Жылыой ауданы Құлсары қаласында алты лаңкесті залалсыздандыру бойынша арнайы операция жүргізілді. ҰҚК Құлсары қаласындағы бес қабатты үйлердің біріне лаңкестік әрекеттерді жоспарлаған жанкештілердің қоныстанғаны туралы ақпарат алып, елордадан Атырауға арнайы жасақ ұшып келді. Газ кетіп жатыр деген желеумен көрші үйлерден адамдарды шығарған. Содырлар мен арнайы жасақ арасында атыс болып, бес жанкештінің көзі құртылды. Сот тірі қалған 20 жастағы Алдияр Сапаровты 15 жылға, онымен бірге лаңкестік топтың тағы 15 мүшесін 12 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

 

Үш күн өткеннен соң, 15 қыркүйекте Атырау қалалық полиция басқармасының алдында жарылыс болып, бірнеше полиция қызметкері жарақат алған. Бес күн өткеннен соң, контртеррористік операция кезінде төрт содыр қаза тапты.

Әскери бөлім мен қару дүкеніне шабуыл

2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбеде бір топ лаңкес №6655 әскери бөліміне шабуыл жасап, басып алмақ болды. Террористер қару сататын «Паллада» және «Пантера» дүкендеріне басып кірді. Осы террорлық акт кезінде жеті адам қаза тапты.

 

 
 

Алматыдағы теракт

Сол 2016 жылдың 18 шілдесінде Алматыда Руслан Күлекбаев есімді содыр полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ғимаратына оқ жаударды. Оның қолынан 10 адам қаза тапты, сегіз адам жарақат алды. Содыр өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол түрмеде өзіне екі рет қол салмақшы болған.

 
 

2022 жылдың қаңтарында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға 20 мың содырдың шабуыл жасағанын айтты. Бұл оқиға халық есінде «Қаңтар қасіреті» болып қалмақ.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап террорлық ұйымдарға қарсы екенін білдіріп, лаңкестерге қарсы халықаралық ұйымдарға мүше болды. Мәселен, 2002 жылы Қазақстанның ұсынысымен, террорлық шабуылдарға қарсы іс-қимылдардың принциптарын айқындайтын Алматы актісі қабылданды. Сондай-ақ еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңес қарарының талаптарын орындап, жыл сайын лаңкестерге қарсы жасалған істер туралы есеп береді. Еліміз 1992 жылы Интерполдың мүшесі болғанын да айта кету керек.

Лаңкестік шабуылдар тоқтап қалмақ емес. Өйткені олар бейбіт елді ойраңдап, қараңғы әлемдеріне қарапайым тұрғындарды шақырғысы келеді. Сол себепті елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі — әрқайсымыздың қолымызда екенін ұмытпаған жөн.

 

1 355 қаралым