Жарияланды: 09.02.2022

Неге Назарбаев пен Атамбаевтың арасында кикілжің туды?

орда

Қырғызстанның «Социал-демократтар» партиясының көшбасшысы Темірлан Сұлтанбеков Қырғызстан мен Қазақстанның экс-президенттері Алмазбек Атамбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасында неге кикілжің шыққанын айтты.

Оның айтуынша, 2016 жылы екі президент «Ата-Бейіт» мемориалына гүл қою рәсімі кезінде сөзге келіп қалған. Бұл туралы Kaktus.kg сайтына сілтеме жасап orda.kz хабарлады.

 

«2016 жылы 16 қыркүйекте ТМД мемлекеттерінің басшылары кеңесінің жиыны өтті. Ертеңіне Алмазбек Атамбаев 60 жасқа толған туған күнін атап өткен. Таңертең 1916 жылғы көтеріліс кезінде құрбан болғандардың мемориалына гүл қою үшін ТМД президенттері «Ата-Бейітке» бармақ болып, резиденция алдындағы боз үйдің маңына жиналады. Бұған Ресей президенті Владимир Путин әрең көнген» дейді Темірлан Сұлтанбеков.

 

Оның айтуынша, осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинді бейітке бармауға көндіреді.

«Ол: «Бұл шара орыстарға қарсы бағытталған. Атамбаев – ұлтшыл. Түпкі мақсаты – елдердің арасына шоқ салу» деп айтып қалады. «Орта Азияда Қырғызстаннан басқа бірде-бір мемлекет бұл қайғылы оқиғаның жүз жылдығын ресми түрде атап өтпейтінін» баса көрсетеді. Бұған шамданған Атамбаев қатқыл жауабы береді. «Назарбаевтың жасында Құдайдан ғана қорқу керек. Құрбан болған ата-бабаларды сыйлау керек» дейді».

Осылайша, Назарбаев пен Атамбаевтың арасында кикілжің туады. Ал Путин үнсіз бәрін тыңдап тұрады. Дегенмен Путин бейіт басына гүл апарып, қояды.  

Назарбаев бірден Қазақстанға ұшып кетіпті.

Осыдан кейін Атамбаев «Қазақстан қырғыз сайлауына араласты», «қазақ билігі ұры» деп сын айтуды бастайды.

754 қаралым