Жарияланды: 12.02.2022

Екібастұздағы Маугли балалар: Оқиғаның адам шошырлық жалғасы айтылды

Екібастұзда аш өзектеріне түсіп, жүруден қалған төрт бүлдіршіннің толыққанды отбасынан шыққаны белгілі болды. Жергілікті әкімдік бұған дейін оларға қатысты арыз-шағымның болмағанын айтады.

Балақайларды сондай аянышты жағдайға түсіруге не себеп болғанын әлі анықтау керек, деп хабарлайды Экспресс К.

Отбасы Екібастұзға жуырда көшіп келгендіктен қала әкімдігінде олар жайлы көп мәлімет жоқ.

Балалардың анасы 1994 жылы дүниеге келген. Еш жерде тіркелмеген, жұмыссыз. Әкелері жуырда ғана көмір өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға қызмет көрсететін мекемеге жұмысқа тұрған.

— Әкелерінің ішімдікке әуестігі бар. Ал әйелдің дені сау, ешқандай ауытқу белгілері жоқ. Бірақ көп нәрседен хабарсыз. Оның көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелгенін анықтадық. Бірақ құжаттарын қайда тапсырғанын білмейді. Біз өзіміз іздестіріп, отбасының басқа жерде тіркелгенін білдік. Балалардың бірде-бірі клиникалардың есебіне алынбаған. Жағдай өте қиын. Бізге әлі көп нәрсені анықтау керек, — дейді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мариям Мәлікова.

Әкімдік қызметкерлері сәбилердің денсаулығына алаңдаулы. Олардың беті бері қарағаннан кейін, жергілікті билік отбасының мәселесін кәмелетке жасы толмаған балалардың ісімен айналысатын комиссияда қарастыруды жоспарлап отыр.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы бүлдіршіндердің жағдайы туралы мәлімет берді.

Инфекциялық стационарға КВИ белгісі бар симптомдармен бір отбасының төрт баласы келіп түсті. Жеткіншектердің өсуінде айтарлықтай ауытқу бар. Барлығы дамуы тұрғысында өз қатарластарынан айтарлықтай қалып қалған. Қазір олар қажетті емнен бөлек, басқа да аурулардың алдын алу үшін қосымша тексеруден өтеді, — деп хабарлады басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева

Аталған отбасындағы сұмдық жағдайды бірінші болып анықтаған волонтерларға Павлодар облысы Қалқаман ауылында бір жарым жастағы қызын қараусыз қалдырып кететін маскүнем әйел жайлы хабар түсті. Ішімдікке салынған азаматша сәбиін ата-анасының үйінде қалдырып кетеді екен. Ересектердің де жағдайы мәз емес, үйлерінде от жақпайды, өздері де араққа салынған, сол себепті қызға мүлдем көңіл бөлмеген. Полицейлер сәбиін қараусыз қалдырып кеткен көкек ананы тауып алып, аталған азаматшаның төрт баласын аштан зорықтырған әйелдің туысы екенін анықтады. 1985 жылы дүниеге келген келіншектің ертеректе аналық құқықтан айырылғаны белгілі болды. Кішкентай қыз ауруханаға жеткізілді. Ал шешесі полиция бөлімшесінде қамауда отыр.

 

737 қаралым