Жарияланды: 13.02.2022

Полиция департаменті жастарды жұмысқа шақыруда…

Түркістан облысы Полиция департаменті жастарды аталмыш салаға жұмысқа шақыруда, деп хабарлайды eltumar.kz. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов әлеуметтік желі парақшасында жазды. 

 
«Сіздің ұлыңыз немесе қызыңыз, бауырыңыз, әлде өзіңіз полицей болғыңыз келсе, сіздермен бір жаңалықты бөліскім келеді. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысында халық санына шаққанда полицейлер саны аз, жеткіліксіз. Осы мәселені оңтайландыру мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті бос лауазымдарын сапалы мамандармен толықтырмақ. Яғни, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, басқа да құрылымдарға полицейлер, сондай-ақ кеңсе қызметкерлері лауазымына конкурс жарияланады.
Полицей болуды мақсат еткен азаматтарға ІІО-на қызметке орналасуға қойылатын негізгі талаптарды айтып өтсем:
1. Қазақстан Республикасының азаматы;
2. Жас мөлшері: 19-дан 35 жас аралығында;
3. Қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған;
4. Заңнаманы білуге арналған тестілеуден өту;
5. Бойы: Ер бала – 170 см. Қыз бала -165 см кем болмау қажет;
6. Білімі: Жоғары-орта басшы құрамға, орта-қатардағы және кіші басшы құрамға; 7. Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарған, — болуы шарт.
Құрметті облыстың жастары, ІІО-да қызмет етуге ниеттеніп жүрген жандар! Егер де, сіз, аталмыш талаптарға сай болсаңыз, ТО ПД-нің бос орындар конкурсына қатысып, полицей болуыңызға мүмкіндік бар.
Бізге қызметке келетін жас полицейлер, осы киелі өңірдің өмір сүру салты мен дәстүрін, менталитетін жақсы білетін жергілікті тұрғындар болса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі «Туған жерге туыңды тік» демекші, кіндік қаны тамған жерге деген құрмет әр қазақ баласының жүрегінде ерекше орын алады. Сондықтан олар, өзі туып-өскен өлкенің дамуына жанашырлықпен, асқан жауапкершілікпен қарап, абыройлы қызмет етеді деген сенімдемін», делінген жазбада.
643 қаралым