Пәкістанда бір топ адам Құранды өртеді деп айыпталған психикалық ауытқуы бар адамды таспен ұрып өлтірген. Жергілікті полицияның мәліметінше, шалғайдағы ауыл мешітінің қызметкері ғимараттан шыққан түтінді байқаған. Жақындап келгенде қасиетті кітаптың парақтарын өртеген ер адамды көрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап.
Құранды қорлады деп айыпталған азаматты бір топ адам ұстап алып, таспен ұрып өлтірген. Ал мәйітін ағашқа байлап қойған. Оқиға орнында болған офицерлер ауыл тұрғындарын тоқтатпақ болған, алайда оларды да таспен атып, бір офицер ауыр жарақат алған.
«Таяқ, балта және темір сойылмен қаруланған тұрғындар ер адамды өлтіріп, денесін ағашқа асып қойған», — деп мәлімдеді полиция қызметкері Мунавар Хусейн.
Қаза тапқан азаматтың 41 жастағы Муштак Ахмед екені анықталды. Ол көрші ауылда тұрған. Марқұмның отбасының айтуынша, оның психикалық ауытқуы болған, ал жағдайы соңғы 10-15 жылдан бері жақсармаған көрінеді.
Билік өкілі кісі өліміне қатысы бар 60-тан астам адамның полиция бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді. Олардың аты-жөндерін ауыл адамдары түсірген видео арқылы анықтаған.
Пәкістан премьер-министрі Имран Хан істің заң негізінде қаралатынын айтып, адамды құтқару бойынша өз міндеттерін дұрыс атқармаған полицейлердің есебін сұратқан.
«Тергеусіз сот заң аясында жазаланады. Өз бетінше шешім қабылдағандарға кешірім болмайды», — деді ол өз мәлімдемесінде.