Танымал әзілкеш Нұрболхан Шарапов атышулы «QosLike» бағдарламасына қатысты тағы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, реалити-шоуды жабу қазіргі таңда мүмкін емес.
Шарапов жобаның артында мықты біреудің тұрғанына сенімді, деп хабарлайды Экспресс К.
Нұрболхан Шарапов «QosLike» бағдарламасын жабу туралы мәселені бұған дейін бірнеше мәрте көтерген болатын. Отандық телеарна арқылы миллиондаған көрерменнің көзайымына айналған жобаны экраннан алып тастау туралы Президент те тапсырма берген еді.
Бірақ «Қалаулымнан» «QosLike» деп атын өзгерткен реалити-шоу әлі жұмысын жалғастырып келеді. Шараповтың айтуынша, жобаның артында биліктен ықпалды адам тұр. Сол себепті оны жабу мүмкін емес дейді.
«QosLike жабылатын болса осы уақытқа дейін жабылатын еді ғой. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басында шара қолданамыз деді де, одан кейін аттарын басқаша қылып ауыстырып тастады да, бөлек атаумен шығып жүрді. Кезінде Светлана Жалмағамбетова деген Сенат депутаты парламент отырысында рейтингі мұндай күшті бағдарлама елімізде жоқ — деп мақтанып айтқаны бар еді. Мұның артында көп ақша тұр. Өйткені рейтингі мықты бағдарламаларға жарнама көп келеді. Оның жын-ойнақ екенін жылдап айтып келе жатырмыз. 1 жыл тоқтамай айттық. Тоқаевқа жетті деп қуанған сияқты едік. Бірақ сонда да жабылмады ғой. Бұл бағдарламаның артында бір мықты адам отыр», — деді Нұрболхан Шарапов.