Жарияланды: 18.05.2022

Аймағамбетов аз қамтылған отбасы балаларының білім деңгейіне алаңдаушылық білдірді

Білім берудің маңызды аспектілерінің бірі ол елдегі дарынды балаларды қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстар. Бас ұстаз Асхат Аймағамбетов, осы орайда жағдайы жақсы отбасы мен кедей отбасынан шыққан балаларының теңдігін сақтайтынын алға тартты.

Яғни, алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндігіне назар аударуды көздеп отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Дарынды балалардың жетістігін арттыру жұмыстарында меритократия (дарынды және еңбекқор адамдарға еркін бәсекелестік жағдайында жоғары қоғамдық мәртебеге иеленуге мүмкіншілік беру) мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтаудың маңызды екенін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Ол бұл жазбасында әлеуметтік осал отбасы балаларын қамту мәселесіне тоқталған.

«Көптеген зерттеу дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Педагогтерді бағалау кезінде де үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс істегеніне емес, дәстүрлі түрде жетістікке жеткен оқушыларының нәтижесіне көбірек назар аударылады. Әрине оны әділ деп айтуға болады. Емтихан тапсырып, ең жоғары балл алған, яғни ең мықтысы жеңіске жетеді. Бірақ ата-аналар дарынды балаларға арналған мектептерге түсу үшін репетитор көмегіне жүгініп жататыны да жасырын емес. Әдетте әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл меритократияның «қараңғы» тұсы», — дейді министр.

Осы мақсатта бас ұстаз теориялық жағынан іріктеуді барлығына тең және әділ қолжетімділікті қамтамасыз ету керегін, әрі сол жүйе әлі де толықтыруды қажет ететінін алға тартқан. Сонымен қатар алдағы уақытта меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау бағытында көптеген жұмыстар атқарылатынын да жазып отыр.

1 010 қаралым