Жарияланды: 21.07.2022

Кітап оқып, қозы ұтып алды

Көркем әдебиеттің қайнар бұлағынан қанып ішіп, сөз зергерлерінің қызықты туындыларын қызыға оқыған жас өрендердің болашағы зор, келешегі кемел болмақ. Өйткені кітап оқыған адамнан жамандық шықпайды. Кітаппен тәрбиеленген буынның адами рухы асқақ, рухани кемелденген, қатарластарына қарағанда ойы озық болары анық. Бүгінде жасөскіндерді кітап оқуға баулу, қызықтыру үшін түрлі бағдарламалар, арнайы жобалар қолға алынып жатыр. Нәтижесіз де емес. Дегенмен күнгейлік әкімнің әрекеті бәрінен де басып озды деуге болады. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінде кітап оқудан жарыс өтті. Жарыс болғанда да өтті, кетті деп белгі соғу үшін емес, нағыз дүлдүл дарабоздарды анықтайтын шынайы жарыс болды. Жасөспірімдер жанын сала қатысты жарысқа. Кітап оқып қана қоймай, түсінігін айтып беру басты шарт. Ауылдағы мәдениет үйінде орналасқан кітапханада кітапты ең көп оқитын үш балаға ауыл әкімі Серғали  Құрымбеков демеушілер атынан үш қозы сыйлады. Ауыл баласы үшін бұл үлкен сыйлық. Төрт түлікпен нәпақасын айырып отырған ауылдағы ағайын үшін бұл расында күтпеген тосынсый болды. Серғали Асанұлы, ауыл әкімі: «Мақсатымыз — балаларды кітап оқуға  қызықтыру болды. Ай соңында кітапты көп және түсініп оқыған тағы бес балаға сый-сияпат дайындап отырмыз. Ол үшін кітапханаға келіп тіркеліп, кез келген кітапты алып оқып, түсінігін айтып берулері керек. Бұл сайыс әлі де жалғасын табады». Сыйлық үшін емес, өздері үшін оқыған Әділет Өсербай, Әлихан Шекербек, Бекзат Назаров есімді оқушылар кітап оқығаны үшін сыйлық аламыз деп ойламапты да. Ұялыжар ауылындағы Абай атындағы мектептің оқушыларына  мұғалімдері ұдайы өздерінің жастарына сай келетін көркем әдебиетті таңдап беріп, оқуға ұсыныс тастаған. Әрі мектепте де кітап оқуға құлшындыратын түрлі шаралар өткізіліп тұрады дейді оқушылар. Үш жеңімпаз аз уақыттың ішінде екі кітапты оқып бітіріпті. Өңірде бұрын соңды болмаған қызықты жарыс туралы бүгінде телеарналар түсіріп, газеттер жарыса жазуда. Расында қарапайым ғана ауыл әкімі тосынсыйымен талайларды таңқалдырды. Жеңімпаздар мойнына көк лента байланған қозыларды жетектеп қайтты. Енді кітап оқуға деген құлшынысы басым жасөскіндердің қатары көбейетіні анық. Ұялы телефонға үңілгеннен гөрі кітап оқып, рухани дүниесін байытқан әлдеқайда тиімді емес пе? Кітап оқуға шақырамыз деп есінететін жиындар мен ұйықтататын баяндамалар оқығанша осындай қарапайым ғана әдіс бәрінен де озық екенін дәлелдеді.

 

 

 

5 156 қаралым