Бастауыш сыныптарда тілдік пәндердің сағаты көбейіп, жаратылыстану-математика пәндеріне басымдылық беріледі, деп хабарлайды Экспресс К.
Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бастауыш сыныптарда ағылшын тілі пәнінің сағаты көбейіп, жаратылыстану-математика пәндеріне басымдылық берілетінін айтты.
— Президент жаратылыстану-математика және тілдік пәндерге басымдық беру туралы тапсырма берді. Математика, физика, химия, биология пәндерін оқыту сағаттары бағдарламада ұлғаяды. Оқу бағдарламалары жаңартылады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес 2024 жылдан бастап 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын көбейту, қазақ және орыс тілдерін меңгеруге қажетті оқу жүктемесі қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдаймыз, — деді министр.
Сондай-ақ министр «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мыңнан астам оқушыға мектеп салынып, үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы білім ордаларының мәселесі шешілетінін айтты.
— Жоба шеңберінде ашылатын мектептер заманауи пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу алаңдары ұлғаяды. Бастауыш сыныптарға, жоғары сынып оқушылырына да жеке блоктар қарастырылады. Сәйкесінше оларды бөлек спортзалдармен, бөлек асханаларымен қамтамасыз етіледі. Келесі жылы бұрын болмаған көлемде мектептерді салу басталады, — деді Асхат Аймағамбетов.