Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатындар көп. Олардың басым бөлігі қызанақ, қияр өсірумен айналысады. Ал гүл өсіруді кәсіп қылғандардың қатары да артып келеді. Аудандағы шаруа қожалығы биылғы көктемде 50 мың дана раушан гүлін сатылымға шығарып, рекордтық көрсеткіш орнатты. «Гүл Мансур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 1 гектар жылыжайында бүгінде «Черная магия» тұқымды раушан гүлі өсіріледі. Аталмыш гүлді сатып алуға құмбылдар көп. Шаруа қожалығы 2012 жылы екі жанұяның бірігуімен құрылған болатын. Жобаның инвестициялық кұны 12 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда серіктестіктің меншігінде 2,5 гектар егістік жер бар. Оның 1 гектары жылыжай. Осы жылыжайда гүлдерді жайқалтып өсіріп отыр. Қожалық иесі гүлдерге сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. «Гүлді алғаш рет 2013 жылы 0,40 гектар жылыжайға егіп көрдік. Сосын гүлге деген сұранысты байқаған соң, жылыжай көлемін 1 гектарға дейін ұлғайттық. Былтыр 45 мың дана гүл дайындалып, ауыл, аудан және облыс көлемінде сатылымға шығарып, табысқа кенелдік. Биыл түсім одан да жақсы болады деген үміттеміз», – дейді қожалық иесі Айта кетейік, қожалық бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың барлығы да жергілікті тұрғындар. Осылайша қожалық иесі ауылдықтардың әлеуметтік ахуалын көтеруге септесуде. Маусым кезінде мұндағы жұмысшылар саны 20-ға жетеді. Әрбір қызметкерге 50 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Шаруашылық басшылығы болашақта жылыжай ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.