Жарияланды: 22.11.2022

Өзімен бірге қару мен есірткі алып жүрген күдікті құрықталды

Түркістан облысы ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жергілікті тұрғынның бірі өзімен қару алып жүруі мүмкін деген хабарлама келді.

Ақпарат алысымен Түркістан облысы ПД ҰҚҚКБ полицейлері бірден іске кірісті. Содан түнгі сағат 01:30 шамасында Б. Майлин көшесінде «MATIZ» маркалы көлікті тоқтатты.

Анықталғандай, көліктегі жолаушының бірі күдікті болып шықты. Одан әрі полицейлер жолаушыға тінту жүргізіп, одан қару, яғни тапанша мен 4 дана оқ, 1 дана күкірт қорапшасына салынған «марихуана» есірткісіне ұқсас затты тауып, тәркілеп алды.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.

Куәлардың қатысуында алынған қару, травматикалық тапанша екені белгілі болды. Сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

 

270 қаралым