Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында патриоттық шара «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстан тірегі!» атты акция негізінде азаматтарды салтанатты түрде мерзімді әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күдербаев, мекеме, бөлім басшылары мен Қарулы Күштер ардагерлері және әскери қызметшілер мен аудан жастары қатысты. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков болашақ сарбаздарға деген тілегін жеткізді.
— Әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілер, сіздерді биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толу мерекесімен құттықтаймын! Әскер қатырында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті. Себебі, туған елді, жерді қорғау-қасиетті борыш. Бүгін міне, Отан алдындағы борышын өтеуге ауданның 10 азаматы аттанғалы отыр. Әскери борышты өтеу – сіздер үшін үлкен сын. Сол сыннан сүрінбей, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатындарыңызға сенім мол, -деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков. Сондай-ақ әскерге аттанғалы отырған азаматтарға сый-сияпат тапсырды.
Сонымен қатар, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев құттықтау сөз сөйлеп, патриоттық жұмыстар мен әскери сайыстарды Созақ ауданы жоғарғы деңгейде атқарып келетінін жеткізіп, өз алғысын білдірді. Қарулы Күштер ардагері, запастағы подполковник Есжан Тұрғанбаев та жас сарбаздарға деген ыстық ықыласын білдірді.
Салтанатты жиынға әскери ардагерлер мен ауыл жастары да қатысып, жас сарбаздарға сәт-сапар тілеп, арнайы концертік бағдарлама көрсетілді.