Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және этносаралық келісімді нығайту мәселелері қаралды.
Мекемеаралық өткен мәжіліске аудан прокуроры Дәулет Тілемисов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шамхат Халмурадов, аудан әкімінің орынбасарлары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Айтбаев, дербес бөлім басшылары, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің міндетін уақытша атқарушысы Қайрат Арап және ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың жағдайы мен әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг жұмыстары жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәбит Реметов баяндады. Басшының берген мәліметіне қарағанда, кез келген келеңсіз оқиға орын алған жағдайда немесе оны алдын алу мақсатында «Алтын сағат» ережесіне сәйкес, ауыл әкімшіліктері аудан әкімдігі мен құзырлы органдарға тиісті шараларды қабылдау үшін шұғыл хабарлау мәселесін басты назарда ұстаулары қажет. Аудан аумағында коммуналдық жүйелер, білім, жер және тұрмыстық жағдайға байланысты туындайтын мәселелер жиі орын алуда.
Сонымен қатар, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру бағытында ауданға қатысты әлеуметтік желілерде жағымды және жағымсыз ақпараттардың жарияланымдарына және дербес бөлім басшылары мен ауылдық округтерінің әлеуметтік желідегі белсенділіктері зерделеніп, рейтинг жасалды. Атап айтқанда, Ақсукент, Қарасу, және Көлкент ауылдық округтерінің әкімдері, сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, сәулет және қала құрылысы, құрылыс, экономика және қаржы бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінің әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс атқаратындары аталып, ал төмен көрсеткіш көрсеткен ауылдық округтері мен бөлімдеріне белсенділіктерін арттыру үшін тиісті кеңестер ұсынылды.
Аудан әкімдігінің «Telegram» әлеуметтік желісіндегі аудан тұрғындарының көтерген өзекті мәселелеріне мәліметтердің мерзімінде жолданылуы қадағалануда. Сондай-ақ қоғаммен кері байланыс орнатуды нығайту үшін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде тікелей эфирлер өткізілген. Тікелей эфирлердің қаралымы, жағымды пікірлер мен лүпілдер жинақтау жағынан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Манкент және Қарасу ауылдық округтерінің әкімдері үздіктер қатарында болды.
Баяндама соңында алдағы өтетін сайлау науқанын өткізуге дайындық жұмыстары пысықталды.
Келесі кезекте Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Қоғамдық келісім Сайрам ауданы филиалының басшысы Б.Айтбаев аудандағы қоғамдық-саяси ахуал жөніндегі өткен мәжілістің хаттамасына сәйкес жүргізілген жұмыстардың барысын таныстырды.
Атап айтқанда, аудан көлемінде 11 ауылдық округіндегі қоғамдық ресми және бейресми көшбасшылары, ауыл билері, бекітілген учаскелік инспектор, жұмысшы топ мүшелерімен еркін форматта басқосулар өтті.
Ауыл округтерінде құқықбұзушылықтардың алдын алу, кез келген кикілжіңдерді болдырмау мақсатында ауылдық округінің әкмішіліктерімен 24 тойхана және 16 дәмхана иелері арасында ынтымақтастық туралы Меморандум түзілді. Ауданда барлық ауылдық округітерінде ішкі саясат саласындағы жауапты мамандар мен жұмысшы топ мүшелері арасынан іріктелген 34 тұлғаның қатысуымен этносаралық шиеленістердің шығу себептері мен алдын алу, ұлттық бірегейлікті сақтау, этникалық қарым-қатынастар тарихы, этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері бойынша көшпелі семинарлар ұйымдастыру жоспарланды.
Аудан көлемінде ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен этнос өкілдерінің қатысуымен 24 құқықбұзушылық жағдайының орын алғаны және олармен жүргізілген шараларға тоқталды.
Мәжіліс төрағасы қоғаммен кері байланысты тұрақты түрде жасау, мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан шаралар қабылдау, халыққа бірлікті сақтау мақсатында жергілікті билер мен белсенділерді тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімділігін айтты.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен орын алған өзекті мәселелерді БАҚ және әлеуметтік желілерде жариялау жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі мен аудандық ішкі саясат бөліміне, сала басшылары мен ауылдық округтерінің әкімдеріне тиісті жұмыстарды күшейтуді, ұйымдастыруды және бақылауға алуды тапсырды.
Аудан прокуроры Дәулет Бекбашұлы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты құқықтық кеңестер беріп, заң аясында көмектер көрсетілетінін түсіндірді.
Жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Шамхат Розақұлұлы және қоғам белсенділері де ой-пікірлерін бөлісіп, осы жұмыстарға өздерінің үлестерін қосатындарын тілге тиек етті.
Мәжіліс соңында келесі қараша айында осы мәселеге қайта оралып, талқыланатыны ескертілді.