Ағымдағы жылы Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылдық округінде «Светофор» супермаркеті және «Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-і орналасқан ғимаратының шатырында өрт оқиғасы орын алған болатын.
Аталған орталықтың маманы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Шіркін ауылының тумасы Қансейіт Мұхамед Абылхасымұлы өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне қарамастан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және Елтаңбасын өрттен құтқару үшін дер кезінде өз еркімен әрекет етіп, өрттен алып шығып, ерлігін танытты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Ерлігі үшін» медалімен М.Қансейітті марапаттап, арнайы пікірін білдірді.
— Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек.
Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ, қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес. Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді, — деген сөзімен сайрамдықтың жасаған ерлігін жоғары бағалады.