Жуырда Қорғаныс министрлігінде «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысын іске асыру тәртібі бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Бейнеконференцбайланыс арқылы өткен шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың, қалалар мен облыстар әкімдерінің өкілдері қатысты. Кеңеске одан бөлек Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары да тартылды. Оған Түркістан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мамандары да қатысты. Кеңесті ашқан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов қазіргі қоғам мен армия дамуының кезеңінде мемлекеттік идеологияның маңызды екенін атап өтті. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бейінді ведомстволармен бірлесіп азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын әзірледі.
«Мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта азаматтарды жалпыға бірдей патриоттық тәрбиелеу жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі жағдайда әскери-патриоттық тәрбиені қазақстандық патриотизмнің ажырамас бөлігі ретінде жүйелі жұмыс процесін кеңейту қажет», – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев өз баяндамасында әскери-патриоттық тәрбие іс-шараларын жоспарлау және қызметтің негізгі бағыттары туралы сөз қозғады.
«Аталған ережеде әскери-патриоттық жұмыс үш бағытта жүргізілуі тиіс екені нақтыланды. Олардың біріншісі оқу орындарындағы осы бағытты жалпы дамыту. Екіншісі – әскери және әскери-қолданбалы практикалық сабақтар түрінде, жастарды әскердің тыныс-тіршілігімен және қызметімен, әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысының ерекшеліктерімен таныстыру. Жұмыстың үшінші бағыты әскери-патриоттық лагерлерде, түрлі слеттер мен фестивальдарда ұйымдастырылады. Осындай шаралардың барлығын іске асыру үшін білім беру ұйымдары, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен барлық күштік ведомстволар арасында тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылуы тиіс», – деді генерал-майор Серік Борамбаев. Жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Сондай—ақ бұл жиналыста Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник Н. Дюсебаев сөз сөйлеп, өзіндік жұмыстар бойынша ой бөлісті.