Жарияланды: 23.11.2022

Күзгі шақырудың сапасын барынша арттыру қажет екеніне тоқталды

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Рустам Ақбаров Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізді.

Ақпараттық-түсіндіру форматында өткен жиын жергілікті әскери басқару органдары басшылық құрамының қатысуымен облыс әкімшілігіндегі онлайн жиналыстан басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары — облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Ұлан Тәжібаев, әскери прокурор әділет полковнигі Бағлан Телеу және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Жиналыс барысында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев көктемгі әскерге шақыру кезеңінің қорытындысын шығарып, күзгі науқанға арналған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады.

– Түркістан облысына көктемгі шақыруға берілген тапсырыс сапасы мен саны жағынан алғанда толықтай орындалды. Атап айтсақ, Қарулы күштер қатарына 60 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 3 адам, Ұлттық ұланға 2 адам берілген тапсырыстан артық жіберілді. Алдағы күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, облыстан барлығы 2200-ге жуық адам шақырылмақ. Бұл жоспарды сапалы орындау үшін өңірімізден 14 мыңға жуық адам зерделеуден өтуі керек. Бүгінде облыс бойынша 16 мыңнан астам азамат зерделеніп, оның 700-ге жуығы іріктеліп, жеке істері жинақталуда, – деп атап өтті полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев.

Жиынды ұйымдастырушы полковник Рустам Ақбаров өз сөзінде күзгі шақырудың сапасын барынша арттыру қажет екеніне тоқталды.

328 қаралым