Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонында Құрлық әскерлеріне кіші мамандарды даярлаудың жартыжылдық курсы аяқталды. Мерзімді қызметтегі мыңнан астам сарбаз әскери мамандықтарды меңгеріп шықты. Аталған оқу курсына Түркістан облысынан да мамандар біліктіліктерін шыңдады.
Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында әскерге шақырылғаннан кейін сарбаздар танктің, жаяу әскердің жауынгерлік машинасының, бронды транспортер және өздігінен жүретін қондырғының көздеуші-операторы және механик-жүргізушісі, артиллериялық қарудың командирі, топогеодезист және барлаушы мамандықтары бойынша даярлықтан өтті. Әскери қызметшілер салтанатты түрде командирлердің қолынан куәлік алды.
– Тәлімгерлеріміздің арқасында алты ай ішінде қару-жарақ пен әскери техниканы жетік меңгердік. Алдағы уақытта біз барлық жаттығулар мен атыстарда жақсы нәтижелер көрсететінімізге сенімдімін, – деді қатардағы жауынгер Бағжан Оралбай.
Оқуды аяқтаған түлектер Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдеріне бөлініп, онда алған мамандықтарына сәйкес лауазымдарға тағайындалатын болады.