Жарияланды: 23.11.2022

Жадынамалар таратылды

Қоғамда соңғы әлетте алаяқтықтың алуан түрі таралған. Өзгенің сеніміне кіріп, қаржысын жымқыру ең көп жасалатын қылмыстардың қатарында тұр. Ішкі істер министрлігі былтыр 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болғанын ресми хабарлады. Жәбірленушілер 54 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған. Күн өткен сайын қаржы пирамидасының құрығына түсіп, алданушылар саны көбейіп барады.

Бүгінде табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті, өз-өзіне қол салады. Ал оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, қаржы пирамидаларының жұмысын әртараптандырып алған.

Елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1993 жылы пайда болған. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр. 

Осы тектес пирамидалар халықтан аз уақыт ішінде тез ақша жинап алуды көздейді. Әлеуметтік желілерде жаппай жарнамалап, адамдарды онлайн чаттарға, топтар мен каналдарға шақырады.

Жуырда Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің қызметкерлерімен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігімен, Премьер-Министрмен келісіліп және Бас Прокурормен бекітілген мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар кешенінің тармақтарына сәйкес, аудан тұрғындарына алаяқтық пен қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл бойынша әзірленген жадынамалар таратылды.

335 қаралым