Жарияланды: 24.11.2022

7000-ға жуық әскери қызметші запасқа шығарылады

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес, биылғы күзде Қарулы күштерден әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген 7000-ға жуық әскери қызметші запасқа шығарылады. Оның ішінде Түркістан облысының да әскери қызметшілері бар. 

Бір жыл ішінде мыңдаған жауынгерлер әскери істің қыр-сырын үйреніп, бөлімшелер құрамында жаттығуларға қатысты. Көптеген әскери қызметшілер оқу-жаттығу орталықтары мен кіші мамандар даярлайтын мектептерде алдағы өміріне қажет болатын әскери мамандықтар алып шықты.

– Ең бастысы, мен бұл жерде көптеген достар таптым. Үйге борышымды абыроймен өтеп, ержеткен, шымыр әрі әскер мектебінен өткен маман болып баратын боламын. Мен барлық ер азаматтарды әскерде қызмет етуге шақырамын. Бұл әуелі әр жігіттің өзіне пайдалы, – деп атап өтті 30153 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мағжан Абдулла.

Барлық әскери бөлімдерде салтанатты шаралар өтіп, сарбаздар Жауынгерлік тумен қоштасып, плацта соңғы рет сап түзеп жүріп өтуде. Ал командирлер мен жеке құрам запасқа шығарылған мерзімді қызметтің сарбаздарына құрмет көрсетуде.

Үздік жауынгерлер грамоталармен, бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен, бөлімнің Жауынгерлік туының тұсындағы фотосуреттерімен марапатталды.

Туған жерлеріне келгеннен кейін запасқа шығарылған әскери қызметшілер жергілікті әскери басқару органдарында әскери дайындалған резерв ретінде есепке алынады.

226 қаралым