Жарияланды: 24.11.2022

«Бірге жеке бизнес ашамыз» деп несие рәсімдеген алаяқ анықталды

 

 

Бүгінде алаяқтық қылмысы гүлденіп тұр. Оған оңай жерден олжа іздегендер өкірте үлес қосуда. Алаяқтықтың алдын алу үшін тәртіп сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де тыңдар құлақ табылмай тұр. Түркістан облысына қарасты Төлеби полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, 2022 жылдың сәуір айында жақын танысы «бірге жеке бизнес ашамыз» деген сөзіне сендіріп, өзінің атынан 800 мың теңге несие алдырған. Алайда танысы ақша алғаннан кейін жасырынып, берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, полицияға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын ер адам болып шықты.

Белгілі болғандай полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

 

283 қаралым