Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына бой алдырмауы үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Ол үшін ақпараттық, насихаттық жұмыстары жүргізіліп, арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Одан бөлек, әлеуметтік желілерге өзгенің құқығына қол сұқпауына, әдепсіз сөздер жазбау жағына да мән беріледі. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі — Е.Орманов дербес бөлім басшылары және ауылдық округ, кент әкімдерімен семинар-кездесу өткізді. Семинар барысында, ҚР Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен жаңа редакцияда бекітілген мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі түсіндірілді. Сондай-ақ, әдеп кодексінің 9-шы тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желілерді қолдану барысында өздерінің ой-пікірлерін әдеп кодексінде көрсетілген талаптарға сай жүргізуді және 1-тармағы бойынша Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 13-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шектеу көзделгендігін және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңмен де көзделгендігін айтып түсіндіріп өтті.