Мұны соңғы кезде медиациялық институттың дамып келе жатқанынан байқауға болады. Қоғамда бітімгершілік жолмен мәмілеге келетіндер көп.
Өйткені даудың барлығын бірдей сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың да талаптарын бірдей қанағаттандырып, екі жақты бірдей риза қыла алмайды. Ал медиатор мүмкіндігінше екі тарапты да риза қылудың жолын іздейді. Әрине, сотқа жүгіну заңды құқығымыз. Алайда іске нүкте қойылғанша, бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Бұл айтарлықтай уақыт алады. Сот саласының қызметкерлері үшін де, азаматтар үшін де уақытты ұттырғаннан гөрі істі сотқа дейін жеткізбеу маңызды.
Екіншіден, сот – материалдық тұрғыдан шығын. Мемлекеттік баж төлемінен бөлек, сот шығыны, әр сот ісіне келіп кету жол қаражаты, заңгерлерді жалдау қаржылық шығынды қажет етеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, дамыған елдерде дауды шешу уақыты да ұзақ, сот шығыны да қымбат. Сондықтан дамыған елдердегі даудың саны көп емес. Соттан гөрі медиациялық жолмен істің шешімін табу тиімді болғандықтан, тараптар бітімге келеді немесе істі сотқа жеткізбей шешуге ұмтылады. Ең бастысы, құқықтық қоғамда өмір сүргеннен кейін кез келген қарым-қатынасты дауға ұластырмауға тырысып, даудың алдын алудың жолдарын қарастыру қажет. Сондай-ақ қандай да бір құқықтық қарым-қатынас жасаудың алдында кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгіну арқылы дұрыс шешім қабылдаған жөн.
Ашығын айтқанда, құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Адамдардың жасөспірім шағынан тәртіп бұзуының бір ұшы отбасында алған тәрбиеде жатыр. Көбінесе біздің қоғамда маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс-керістен көз ашпайтын, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылар да кездеседі. Мұндай отбасының балалар көбінесе қылмыс жасауға біртабан жақын тұрады. Алайда заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Яғни заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды.
Өркениетті заманда дау-жанжалды реттеудегі мәдениеттің де орны бөлек. «Ел даусыз болмас» дегендей, дауласқанның бәрін сотқа сүйрей беру, екі көршінің келіспеушілігін де сотқа дейін жеткізу дұрыс емес екенін тәжірибе көрсетуде. Сондықтан медиацияға жүгінуге шақырамын!, — дейді кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова. Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында кәсіби медиаторлар кабинеті жұмыс істейді. Бүгінде дау дамайларды шешуде кәсіби медиаторлардың ролі зор болып тұр.