Жарияланды: 26.11.2022

2 медиация кабинеті жұмыс атқаруда

2 медиация кабинеті жұмыс атқаруда

Татуласу рәсімдерін тиімді жүзеге асырып, медиация институтының дамуы Мемлекет басшысының басты саясаттарының бірі. Себебі, дау жүрген жерде – ауызбіршілік болмайтынын, татулығы жоғалған елдің тыныштығы бұзылатынын баршамыз жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз. Осы бағытта ел аумағында ілкімді істер атқарылды.

Медиация заңы қолданысқа енгелі бері бұл институттың дамуында сот жүйесінің алатын орны ерекше және жергілікті жерде біздің Түркістан облысында сотсыз татуласу рәсімдерін дамыту барысында “Мектеп медиациясы”, қоғамдық медиаторларды — ауыл ақсақалдарын неке қатынастарынан туындайтын дауларда тиімді пайдалану сияқты бастамаларды алғашқылардың бірі болып Арыс аудандық сотымен жүзеге асырылған, сонлай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, Арыс қаласындағы билбордтарда, тұрғындар арасында кездесулерде насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуінің нәтижесінде Арыс тұрғындары медиация институтын, медиаторларды тани бастап, тиімділігін көрді.

Қазіргі таңда ауданда сот ғимаратындағы татуласу бөлмесінен бөлек 2 медиация кабинеттері жұмыс жасайды, одан бөлек әр ауыл-аймақта қоғамдық медиаторлар белсенді қызмет атқарады.

Сол себепті де медиация институтының дамуына үлес қосқан сот төрағасы Сапархан Сүйіндікұлына және судья Еділхан Байтөреұлына қоғамдық ұйым ретінде алғысымды білдіріп қайттым.

 Дау-шағымдармен жүгіну кезінде азаматтар үшін сот соңғы инстанция болып қалуы керек, ал медиация дауды реттеудің ең тиімді балама түрі болған кезде ғана ынтымағы берік мемлекет боламыз.

 

 Дана Кенжеқұлова

304 қаралым