1994 жылы отыз бірінші қазанда Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының байланыс басқармасы құрылған болатын. Дәл сол сәттен бастап әскери байланысшылар кәсіби мерекесін атап өтіп келеді. Бүгінгі күні аталған әскер тегінің мамандары тәулік бойы бағынысты құрамаларды, бөлімдерді, бөлімшелерді, жауынгерлік құралдар мен қаруларды үздіксіз және тұрақты басқаруды қамтамасыз етеді.
Ақпарат таратудың цифрлық әдістеріне көшуге байланысты әскери байланысшылардың қызметте қолданатын техникалық құралдары мен технологиялардың арсеналы айтарлықтай өзгерген. Қазіргі уақытта байланыс әскері заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған. Олардың қызметінде станциялар, әмбебап мобильді кешендер мен командалық-штабтық машиналар бар. Сондай-ақ, тармақталған көп арналы жүйелер кеңінен қолданылады.
Қазақстанда мамандарды даярлаудың өзіндік жүйесі қалыптасқан. Атап айтқанда, офицерлерді Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, ал орта буын мамандарын – елордадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде дайындайды. Кіші буынның әскери-есептік мамандықтың негіздерін мерзімді қызметтегі сарбаздар Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында меңгереді. Бүгінде аталған оқу орындарын Түркістан облысының түлектері де білім алып, еліміздің әртарабында қызмет көрсетуде.
Әскери байланысшылар өздерінің жоғары кәсіби шеберлігін түрлі жарыстар және оқу-жаттығу барысында бірнеше рет дәлелдеді. Қазақстандық әскери қызметшілер бірнеше рет Армия халықаралық ойындарындағы «Сенімді қабылдау» сайысында жеңімпаз атанды. Олар биыл «Батыл тойтарыс-2022» және «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуларында, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022» және «Эшелон-2022» оқу-жаттығуларында байланыс әскерлерінің деңгейі жоғары екенін көрсетті.
Қазіргі заманғы қару-жарақ кешендерін, әскери және арнайы техниканы қолдана отырып, әскерлерді басқару процесінде Бас штабтың Байланыс департаменті жетекші рөл атқарады. Олардың сенімді «серіктері» – бұл әскерлердің күнделікті өмірін, жауынгерлік кезекшілікті, жауынгерлік дайындықты ұйымдастыруды, сондай-ақ Қарулы күштердің Отанды қорғауға үнемі дайындығын қамтамасыз ететін білікті әскери байланысшылары болып табылады.