Тәртіп сақшылары әрі олардың заманауи бейнебақылау камераларымен жабдықталған қызметтік көліктері арқылы 3 тәулікте айыппұлын төлемей жүрген 2509 жүргізуші анықталды. Олардың жалпы қарызы 19 миллион теңгеден асады. Полицейлердің тиянақты жұмысының нәтижесінде аталмыш айыппұлдың 6 миллион теңгеге жуығы өндірілді. Сондай-ақ айыптұрақтарға 30-дан астам автокөлік қойылды.
Мысалы, «Борышкер» шарасы аясында Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі полицейлермен бірге рейдке шықты. Осы сәтте рейд ұйымдастырушыларының назарына «Автоураган» көлігіндегі «Қорғау» бағдарламасы бойынша салығын төлемеген «Opel Vectra» маркалы автокөлігі алынып, тоқтатылды. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның жылдар бойы айыппұлын төлемей жүргені белгілі болды.
Яғни Сайрам ауданының тұрғыны соңғы 2 айдың өзінде 14 рет жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол ережесін өрескел бұзған. Бұл бойынша 150 000 теңгеден астам айыппұл төлеу керек болған, алайда жас жүргізуші мүлдем айыппұлын төлемеген. Одан бөлек 2021 жылдан бері төленбеген 50 айыппұлы сот орындаушыларына өтіп кеткені айқындалды. Нәтижесінде 64 рет жол ережесін бұзып, онымен қоймай айыппұлдарын төлемеген жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды. Жүргізушіге жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.