Жарияланды: 26.11.2022

205 құқық бұзушылық анықталды

 

Бүгінде облыс аумағында заңсыз келіп жұмыс істеп жүрген шетелдіктерді анықтау бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылуда. ҚР ІІМ-нің тапсырмасы, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің нұсқауына сәйкес облыс аумағында республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған шара 10-17 қазан аралығында ұйымдастырылуда.

Профилактикалық шараның екі тәулігінде облыс полицейлері 205 құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 10 шетелдік сот шешімдерімен ел аумағынан аластатылды. 39 шетелдік жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.

Ал шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 50 жергілікті тұрғын мен шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 7 Қазақстан Республикасының азаматына заң аясында шара көрілді. Осы ретте Түркістан облысының полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертулер жасауда.

Жалпы іс-шара өткізудің басты мақсаты-облыс аумағында шетелдіктермен немесе оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтарды алдын-алу және болдырмау, заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығару болып табылады.

Осыған орай, Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсаттары жоқ, сондай-ақ жұмысшы ретінде келіп, алайда заңдастырылмаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жергілікті көші-қон қызметі бөліністеріне барып, заңдастыру қажет.

 

358 қаралым