Бүгінде заңды айналып өтіп, көлденең пайда тапқысы келетіндердің қатары аз емес. Олар заң құрығынан құтылып кете алмайды. Бүгін сондай айласын асырмақ болған пысықайлардың бірі қақпанға түсті.
Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Түркістан қаласында контрафактілік өнім дайындаған жасырын цехті анықтап, оның қызметіне тосқауыл қойды.
Бұл жайт ҚР ҚК 222-бабы 1-бөлігі «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша Түркістан ҚПБ-ға тіркеуге алынды.
Нәтижесінде полицейлер 4 ер азаматты анықтады. Оның бірі контрафактілік өнім дайындауды ұйымдастырушы, яғни Түркістан қаласының тұрғыны болса, қалған екеуі де Түркістан қаласының тұрғындары және 1 Өзбекстан азаматы.
Жедел уәкілдер аталмыш үйдің ауласын тінту кезінде, 40 келі қаптарға оралған ұнтақ затты тапты, олардың саны шамамен 200 дана. Сонымен қатар электронды таразылар, тығыздағыш машиналар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұнтақты заттың жалпы салмағы 8 тоннадан асты.
Аталған ер азаматтар қаптағы ұнтақтарды полиэтилен пакеттерге шамалап салып, яғни «Ariel», «Миф», «Tide» және «Persil» сияқты кір жуғыш заттардың белгілі брендтерін қолдан жасаған. Полицейлер жинақталған материалдарды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдады.