Жарияланды: 26.11.2022

Әскери дәрігерлердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті

Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығы мен әскери-клиникалық госпиталі конференция ұйымдастырып, онда медицина мамандары ауруларды уақтылы диагностикалау және емдеу бойынша тәжірибе алмасты.

Ғылыми форумға қатысушыларға Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Тимур Ошақбаев сөз сөйледі. Ол Қазақстанда әскери медицина қарқынды дамып келе жатқанын, ал 30 жыл бұрын Қарулы күштерде құрылған басқару органдары мен емдеу мекемелерінің құрылымдары әскери қызметшілердің денсаулығын сақтауды және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қолдауды қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ел тарихындағы медициналық қызметтің жалғыз генерал-майоры Талғат Нұрмағамбетовтың әскери және азаматтық медицинаның дамуына қосқан үлесін де айта кетті. Тірі болғанда ол 27 қазанда 70 жасқа толар еді.

Жедел клиникалық белгілері бар пациенттерді диагностикалау, бағыттау және оларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мәселелерін талқылауға әскери дәрігерлерден басқа Алматы қаласындағы емдеу мекемелерінің өкілдері, гастроэнтерологтар, инфекционистер, терапевттер, жалпы практика дәрігерлері, эндоскопистер, хирургтар және эпидемиологтар қатысты.

Конференцияға қатысушылар мұндай кездесулер емдеу мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, дәрігерлік персоналдың кәсіби машығын жетілдіруге, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

 

379 қаралым