Тұрғынның сарайына ұрлыққа түсіп, шлакоблок құятын аппаратын ұрлаған жас жігіт анықталды. Түркістан полициясына жергілікті тұрғын ұрлық жайтының құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта ауласында орналасқан сарай ішіне белгісіз біреу кіріп, шлакоблок құятын аппаратын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 250 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Хабар алысымен аталған қылмысты ашу мақсатында түркістандық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды. Тәртіп сақшылары тыңғылықты атқарылған істің нәтижесінде, жан-жақты жинақталған мәліметтерді саралай келе, аталған іске күдікті ретінде ер адамды анықтады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің туыс інісі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. Қолды болған заттарды темір алатын орынға сатып, ақшасын бас пайдасына жаратқан. Ұрланған шлакоблок құятын аппарат айғақты зат ретінде алынып заңды иесіне қайтарылды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз үйлерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.