ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 183-бабына сәйкес сатушының (өнiм берушiнiң) немесе сатып алушының тауарды өткiзуі (сатып алуы) кезiнде сатушының (өнім берушінің), тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу жөнiндегi кез келген әрекеттерi мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу) болып табылады.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңында (8-1-баптың 2-тармағы) өтеулі тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша сатушы (орындаушы, дайындаушы) қосымша таңған тұтынушылардың міндеттерін белгілеу тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) шектейтін талаптарға жататыны жайында айтылған.
Сонымен қатар бір тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алуды өзге де тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады (28-баптың 1-1-тармағы).
Сондықтан да егер сіз қосымша тауарлар таңылған жағдайларға тап болсаңыз, сіздің сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылық білдіруге құқығыңыз бар. Егер сізге наразылық жазуға консультациялық көмек қажет болса, сіз оны кез келген уақытта Түркістан облыстық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен ала аласыз.
Егер сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылған болса, қалай наразылық беру керегі туралы алдыңғы посттарда жазған болатынбыз. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабына сәйкес сатушы сіздің наразылығыңызды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде оған жазбаша жауап ұсынуға міндетті.
⠀
Егер жауап болмаса немесе сатушы тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, сіздің уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқығыңыз бар («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабының 3-тармағы).
⠀
Сіз өтінішіңізді біздің телеграмм бот (сілтеме профильдің жоғары жағында), e-tutynushy.kz тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша өтініш қабылдайтын бірыңғай ақпараттық платформасы немесе eGov арқылы бере аласыз.
⠀
Өз өтінішіңізге сатушыға ұсынған, бірақ сатушы елеп ескермеген наразылығыңыздың (немесе оның жауабы, егер сіз онымен келіспейтін болсаңыз) көшірмесін, сондай-ақ сіз өтініште баяндаған мән-жайларды растайтын басқа құжаттарды міндетті түрде қоса тіркеу қажет.
⠀
Сонымен қатар сізге келесі деректерді көрсету қажет:
Өзіңіз туралы деректер: Аты-жөні, ЖСН, пошта мекенжайы.
Сатушы туралы деректер: заңды тұлғаның атауы, пошта мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса)
Сіздің талаптарыңыз бен тұтынушылық даудың мән-жайлары
(«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-5-бабы).