Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы №1 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушылары уақыттарын тиімді өткізуде. Оқушылар үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасында «Ашық есік күні» болып өтті.
Мақсат — жоғары сынып оқушыларын шекарашылардың тыныс-тіршілігімен таныстыру, мемлекеттік шекараны күзетудің маңыздылығын түсіндіру болып табылды.
Іс-шара барысында оқушыларға шекарашылардың арнайы киім үлгілері, олар қолданатын қару, автокөлік түрлері, байланыс құралдары мен медициналық заттары көрсетілді. Сондай-ақ, жасөсіпірімдер үшін шекара басқармасының аумағында экскурсия ұйымдастырылды. Шекарашылар оқушыларға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясына оқуға қалай қабылдануға болатынын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Шара соңында аталмыш мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, запастағы подполковник Сапар Түймебеков шекарашыларға алғысын айтты. Жасөспірімдер де шекарашы сарбаздарға өз ризашылықтарын білдіріп, олармен бірге естелікке суретке түсті.