Бүгінде өзгені бопсалап, оңай ақшаға қол жеткіземін дейтіндердің қарасы қалың болып тұр. Сұрайтындары да аз ақша емес. Өзгенің құқығына қол сұғу заңмен қудаланатынын біле тұра осындай ама айлаға баратындарға қайран қалдырады. Жуырда осындай бопсалаушылардың бірі қолға түсті. Ол медицина қызметкерінен ақша саумақ болыпты. Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық полиция бөліміне медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам оны қорқыту арқылы екі миллион теңге бопсалаған. Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі «бопсалау» бойынша Жетісай АПБ-де тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысының полиция департаментінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Жетісай АПБ криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде полицейлер күдіктіні 1,5 миллион теңгеге жуық ақшаны алған кезде анықтап, ұстады. Ол Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Заттай дәлел ретінде жедел уәкілдер ер адамнан ақша тәркіледі.
Белгілі болғандай, күдікті көрсетілген медициналық қызметке көңілі толмағанын алға тартып, медицина маманын ірі көлімдегі ақшаны айтып, бопсалап, жоғары тұрған басшылыққа арыз жазып, оны жұмыстан шығаруға қол жеткіземін деп қорқытқан.
Қазіргі уақытта бопсалау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның барлық мән жайы анықталуда.