Қай мамандық иегері болса да адамгершілік, адами қасиет бірінші орында тұруы тиіс. Қызмет атқарып жүріп те, адамдарға көмек қолын созып, адами қасиет таныту парызың. Күні кеше тәртіп сақшыларының қарт кісіге көмектескенін көріп қандай ғанибет деп сүйсінгендердің қатары аз болмады.
Түркістан облысына қарасты Жетісай-Жібек жолы-Сарыағаш тас жолын патрульдеу кезінде Түркістан облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол жиегінде тұрған «Ауди» маркалы автокөлігін байқаған. Содан тәртіп сақшылары жақындап, жүргізушіден қандай да бір көмек қажет пе? деп сұрады. Қарт адам көліктің дөңгелегі жарылып, оны өз бетінше ауыстыруға күші жетпегенін айтты. Сонымен қатар ауа-райының суық болуына байланысты жүргізушілердің ешқайсысы жол шетіндегі қарияға тоқтамаған.
Жүргізушінің қиын жағдайға тап болғанынын білген тәртіп сақшылары оған бірден көмек көрсетті. Құрал саймандардың көмегімен полиция көліктің дөңгелегін ауыстырып, әрі қарай жолын жалғастыруға септігін тигізді.
Автокөлік жүргізушісі полицейлерге көрсеткен қамқорлығы мен көмегі үшін үлкен алғысын білдірді. «Көліктің дөңгелегі жарылды. Мен жолда қалып қойдым. Доңғалақып ауыстырайын десем кептеліп қалған. Маған көмек көрсеткен полицейлерге рахмет. Оларға жұмыста сәттілік тілеймін!»- деді автокөлік жүргізушісі алғысын білдіріп.
Полицейлердің айтуынша, кезекшілік кезінде жолдарда мұндай жағдайлар жиі кездеседі және олар әрқашан көмекке келуге дайын. Тәртіп сақшылары атап өткендей, олар үшін ең бастысы — жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі.