Жарияланды: 28.11.2022

«Адал көмек» заң көмегін көрсетеді

 

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) азаматтарға құқықтық көмек көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік маңызды мәселелерді шешуде заң көмегін көрсететін «Адал көмек» жобасын жүргізіп келеді.

Келелі жобаның негізгі мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын тікелей әлеуметтік объектілерде қарастыру және заң аясында құқықтық көмек көрсету.

Жұртшылықпен оң бағаланған аталмыш жобаның жалғасымен бүгін денсаулық сақтау саласындағы проблемалы мәселелерге байланысты мемлекеттік орган өкілдері өңір тұрғындарын толғантқан мәселелеріне құлақ түріп, олардың шешу жолында азаматтармен кері байланыс орнатып, құқықтық кеңестер берді.

Олардың қатарында, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы, Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Түркістан қалалық емханасы, Түркістан қалалық балалар емханасының өкілдері бар.

Шараға қатысқан азаматтардың негізгі мәселелері денсаулығына байланысты портал ашу, медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге қатысты болды. Тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірмелер берілді, сондай-ақ екі азаматқа мүгедекттік топ алуына шешім шығарылып, медициналық-әлеуметтік сараптамаға  жолдама берілді.

Айта кетейік, «Адал көмек» жобасы аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін айына екі рет тұрғындардың келуіне қолайлы, жұртшылық көп шоғырланатын орындарда өтетін болады.

 

471 қаралым