Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова өзін кандидат етіп ұсынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне сайлау бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.
Кандидат 16 күндік үгіт-насихат жұмыстары кезеңінде 6 өңірде – Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстарында, Астана Шымкент және Алматы қалаларында халықтың түрлі топтарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар көбіне әлеуметтік мәселелерді көтеріп, инфрақұрылым, ұлттық құндылық бойынша ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Кандидат әр ұсынысты назарға алатынын жеткізді.
«Біз осы уақытқа дейін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кандидаттар арасында ең аз қаржы жұмсай отырып, Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес ең нәтижелі жұмыс атқарыппыз. Бізді қолдаған барлық азаматқа алғысым шексіз. Дәл осы қарқынмен әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз. Бізді қолдап, дауыс беретін сайлаушылардың үмітін ақтаймыз деп сенемін», деді С.Тұрсынбекова.
Естеріңізге салсақ, 21 қазанда кандидаттың штабында ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Қатысушылар дайындық жұмыстарын және алдағы жоспарларды талқылады. 22 қазанда республикалық штабтың ресми ашылуы өтті. 26 қазанда кандидат сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында аймақтарды аралауды бастады. Ол бірінші болып Қарағанды облысына барды.
Жарияланды: 08.11.2022