ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен республика көлемінде өтіп жатқан «Заң керуені» акциясы Отырар ауданында да жалғасын тапты.
Акцияның мақсаты жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдардарды түсіндіру, заңды ұқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, прокуратураның құқық қорғау рөлін іске асыру, елдегі қауіпсіздік пен ұқықтық тәртіпті нығайту үшін азматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру.
Аталған іс-шараға Отырар аудандық прокуратурасының прокуроры Б.Булеулиев пен аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов және аудандағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Кездесу барысында аудан прокуроры Бахытхан Төлегенұлы аудан прокуратурасы халықпен тікелей байланыс орнату арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал ететінін атап өтті.
Жиында аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Кизбай, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Д.Омарбек, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары М.Бөрібековтер баяндама жасап, атқарылған жұмыстарына тоқталды.
Ашық форматтағы басқосуға келген жұрт өздерін толғандырған мәселелерін тікелей прокуратура өкілдері мен жауапты бөлім басшыларына қойып, тұщымды жауаптар алды.
Кездесуден соң аудан прокуроры Б.Булеулиев ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштері мен талап-тілектерін тыңдады.
Айта кету керек, акция аясында өткен кездесу аудандағы өзге ауыл округтерінде де өтеді деп жоспарланған.