Жарияланды: 09.11.2022

МЕЙРАМ ҚАЖЫКЕН МЕДИЦИНА САЛАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесу барысында кандидат жиналғандарды ең әуелі өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кейін кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Олар негізінен әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жоспарларына қызығушылық танытты.

М.Қажыкен медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеу мәселесін көтеріп, денсаулық сақтаудың барлық саласын республикалық бюджеттен қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.

— Мардымсыз жалақы – медицина саласындағы кадрлардың жетіспеушілігіне алып келетін өзекті мәселе. Медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою, дәрігерлердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуы және олардың жалақысын арттыру үшін ілкімді шаралар қажет. Бұл – менің басты міндеттерімнің бірі. Бізде қаржыландыру ІЖӨ-нің 1,4 пайызын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштерімен салыстырғанда үлкен айырмашылық байқалады, — деді М.Қажыкен.

Болашақ мамандарды баспана сатып алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі сияқты тақырыптар да қызықтырды. «Жастарға барлық мүмкіндікті жасауымыз қажет. Өйткені адам әлеуметтік мәселелерге қаншалықты аз көңіл бөлсе, соғұрлым ол жұмысқа және өзінің кәсібилігін арттыруға көп көңіл бөледі. Бұл – жалпы ел экономикасына әсер етеді», деді ол.

355 қаралым