Жарияланды: 30.11.2022

Екінші рет мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды

 

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау, мал ұрлығының алдын алу, басқа да қылмыс, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында күнделікті рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Мәселен түнгі топтағы полицейлер «Борышкер» іс-шарасы кезінде сағат 03:30 шамасында Яссауи көшесінен жүрісі күмәнді «Opel Vectra» маркалы автокөлігін байқап, бірден тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2021 жылдың қыркүйек айында Шымкент қалалық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізуші қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.

 

533 қаралым