Қазақстанның барлық өңірінен келген «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының 150-ден астам тәрбиеленушісі «Вокал», «Фольклор» және «Вокалдық-аспаптық ансамбль» аталымдары бойынша өнер бәйгесіне түсіп, бақтарын сынады.
Қазылар алқасы мен көрермендер назарына 50-ден астам нөмір ұсынылды. Фестивальдің қатысушылары ән айтуы, орындаушылық шеберлігі, әртістігі және сахнада өзін ұстау мәнері бойынша сыналды.
– «Жас сарбаз» фестивалі жастар арасында үлкен сүйіспеншілікке ие. Музыка әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтып, күнделікті іс-қимылдан шаршағанын басады және ұрыста жауынгерлерге күш-жігер береді. Жеңіс бар жерде, ән де бар, – деді салтанатты марапаттау рәсімінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
«Вокал» аталымында бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан Темірлан Батырбек иеленді. Екінші орын – Атырау облысының орындаушысы Дастан Бағытжанға, үшінші орын – елордалық «Жас Қыран» әскери колледжінің триосына бұйырды.
«Фольклор» номинациясы бойынша астаналық «Ақжелен» ансамблі жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Домбыра» тобы еншіледі. Алматыдағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің «Ұлытау» тобы үшінші орынды місе тұтты.
Вокалдық-аспаптық ансамбльдер арасында «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Авангард» шығармашылық ұжымы үздік деп танылды. Екінші орынды Павлодар облысының «Әуен» вокалдық-аспаптық ансамблі олжаласа, үшінші орынды Алматы облысының «Ғасырлар сазы» ансамблі иеленді.
Көрермен көзайымы сыйлығын шымкенттік Жайна Нұрмахан және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан келген Диана Рашитова алды. Патриоттық әнді әуелете шырқаған үздік әнші – шымкенттік Еңлік Байзақ, ал үздік авторлық ән сыйлығы алматылық Айсұлтан Мұхамадиевке бұйырды.
Талантымен көрерменнің жүрегіне жол тапқан Талдықорғандағы Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Арсен Самаратбеков фестивальдің бас жүлдесін олжалады. Түркістан облсынан барған жас сарбаздар да олжасыз қайтқан жоқ.
Сахнада өнер көрсеткен жас орындаушылардың шығармалары көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Көрермен әр туындыға қол соғып, қолдап отырды. Ал Қорғаныс министрлігінің марапаттау рәсіміне қатысуы фестивалдің мәртебесінің биік екенін ғана емес, Қарулы күштердің жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше назар аударатынын да байқатты.