Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы полиция бөліміне алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. Ол азаматтың айтуынша, өзінің танысы 20 миллион теңге несие алып беремін деп, алаяқтық жолмен 150 000 теңге ақшасын алған. Келісілген уақытта хабар келмеген соң, өзі сұрамақ болып қоңырау шалған.
Алайда, ол азаматтан ешқандай жауап болмаған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Орын алған алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын ер адам анықталды.
Күдікті ер азамат жәбірленушінің сырттай танысы 1 ай ішінде 20 миллион теңге несие алып беретінін айтып сендірген.
Осылайша күдікті пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды. Сонымен қатар сезіктінің бұдан басқа 5 алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Қазіргі таңда ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүруде.
Түркістан облысы полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әртүрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады.