Жарияланды: 01.12.2022

Жеке қабылдау өткізу жалғасуда

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы Қадырбек аудан аумағындағы қала, кент, ауылдық округтерді аралап көшпелі кездесу мен жеке қабылдау өткізуді жалғастыруда.

Аудан басшысымен жүздесу жергілікті баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланған кестеге сәйкес бүгін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде жалғасты.

Аталмыш кездесуге аудан әкімінің барлық салалар бойынша жауапты орынбасарларымен қатар бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбеков, аудандық Ішкі Істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Мейірман Халықов пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, округ тұрғындары қатысты. Құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысқан жиында аудандағы мал ұрлығы, пәтер ұрлығы да талқы таразысына түсті.

Жергілікті тұрғындармен кездесуді өткен тоқсанда көтерілген өзекті мәселелер мен айтылған өтініштердің орындалу барысымен таныстырудан бастаған аудан әкімі Сұлубұлақ елді мекенінің тұрғыны Абдували Сәрсенбаевтың Күрішті елді мекенін газдандыру мен ауыз су мәселесін тиянақты шешу бойынша айтқан өтінішіне байланысты Күрішті елді мекенін табиғи газбен қамамтасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен «Жамбылагрогазпроект» ЖШС тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жұмыс жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін қажетті қаржыны бөлдіру жөнінде аудандық бюджеттік комиссияға ұсынылғанын, жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң құрылысына бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынылатынын айтты.

Ал, тұрғындарды ауыз су мұнарасына «Жетісай су» МКК тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекенге тұрақты ауыз су берілуде.

Сонымен қатар, Қызылтаң елді мекенінің тұрғыны Серік Ақтаев Балдаурен көшесін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан 300 орындық мектеп салу мәселесін көтерген болатын.

Ол бойынша Қызылтаң елді мекеніндегі ұзындығы 900 метрді құрайтын Балдаурен көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттамасы жасалынып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Осыған орай, 2023 жылға қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік комиссияға ұсыныс жолданса, Байдала, Қызылтаң елді мекендеріне «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 600 орындық мектеп салу жоспарға енген. Жамбыл елді мекенінен жаңа мектеп ғимаратын салу үшін жер телімі қарастырылуда.

Ал, Кенже Байтеновтың Байдала елді мекеніндегі О.Есимов көшесіне асфальт төсеу бойынша айтқан өтініші негізінде жалпы ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын аталмыш көшеге орташа жөндеу жүргізу мақсатында сметалық құжаттамасы жасалынып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Осыған орай, 2023 жылға қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік комиссияға ұсыныс жолданған.

Округтің өзекті, түйіні тарқатылуы тиіс салаларын саралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі кездесуден соң жеке мәселелерін айтамын деушілерге арнайы қабылдау өткізді. Қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына тапсырма берді.

 

490 қаралым